ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ: ОРДАБАСЫ ТҰРҒЫНДАРЫ ТОЛЫҚТАЙ АУЫЗ СУМЕН ҚАМТЫЛДЫ

Рейтинг
13.12.2025, 19:30
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ: ОРДАБАСЫ ТҰРҒЫНДАРЫ ТОЛЫҚТАЙ АУЫЗ СУМЕН ҚАМТЫЛДЫ

 

Ордабасы ауданының тұрғындары толықтай ауыз сумен қамтылды.

        Ордабасы ауданының тұрғындары қазіргі таңда 100 пайыз таза ауыз сумен қамтылып отыр. Өткен жылы аудандағы 57 елді мекеннің 54-і орталықтандырылған сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілген болатын. Бұл жалпы қамту деңгейінің 94,7 пайызы болатын. Ауыз су мәселесін толық шешу және халықтың өмір сүру сапасын арттыру мақсатында биыл Мәдениет, Ынтымақ және Жұлдыз елді мекендерінде күрделі құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіліп, барлық елді мекендер толық ауыз сумен қамтылды.

        Қолданыстағы су жүйелерінің тұрақты және сапалы жұмысын қамтамасыз ету үшін аудан бойынша бірқатар елді мекендерде ағымдағы жөндеу жұмыстары қолға алынған. Атап айтсақ, Ақбұлақ, Қайнар, Ұялыжар, Ықыластемір, Теспе, Жамбыл, Бірлік, Бөген, Жеңіс, Қызылжар және Көктөбе ауылдарында су құбырлары жөнделіп жатыр. Бұл жұмыстар тұрғындарға үздіксіз және қауіпсіз ауыз су жеткізуге мүмкіндік береді.

        Сонымен бірге, аудандық бюджет есебінен Төрткүл, Көкарал, Бадам, Шұбар, Бөген және Қарақұм елді мекендерінің ауыз су жүйелерін қайта құруға арналған жобалық-сметалық құжаттамалар дайындалған. Құжаттар құрылыс жұмыстарын бастау үшін қажетті қаржыны қарастыру мақсатында уәкілетті органдарға ұсынылған. Жалпы, Ордабасы ауданында ауыз су мәселесін шешуге бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп, халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға маңызды үлес қосуда.

        Мемлекет басшысы 2025 жылы Қазақстан халқын 100 пайыз таза ауыз сумен қамтуды тапсырды. Осы міндетті орындау мақсатында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі су пайдалануды реттеу және оны үнемдеу технологиясын енгізу мақсатында бірқатар нақты шешім қабылдады.

       Бұл бағытта бүгінде ілкімді істер ілгерілеп, күрделі мәселе өңірлерде оң шешімін тауып келеді. Мәселен, 2021 жылдың қорытындысы бойынша Павлодар және Ұлытау облыстары тұрғындарының 95 пайызы таза ауыз сумен қамтамасыз етілді. «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында Павлодар облысындағы қала халқының 95 пайызының, ауыл тұрғындарының 94,1 пайызының таза ауыз суға қолы жетіп отыр. Ал Ұлытау өңіріндегі қалалықтардың 99,9 пайызы және ауылдық елді мекен тұрғындарының 93,5 пайызы сапалы сумен толыққанды қамтамасыз етілген.

 

         Жүйелі жұмыстарды жалғастыру үшін 2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджетте аталған өңірлердегі халықты таза ауыз сумен қамтамасыз етуге бағытталған жобаларға қажетті қаражат қарастырылған. Мәселен, 2023 жылы Павлодар облысында жүзеге асырылатын 28 жобаға 12,2 млрд теңге қарастырылса, 6,7 млрд теңге Ұлытау облысындағы 2 жобаны жүзеге асыруға бөлінбек.

        Өткен жылдың қорытындысында ел халқының 94 пайызы сумен жабдықтау қызметтерімен қамтамасыз етілді. Бұл 17 млн 700 мың адамды қамтиды. Мемлекет басшысы жүктеген тапсырмаларды орындау үшін шамамен 1 млн 300 мың азаматымыз тұрып жатқан 1 922 ауылдық елді мекендге орталықтандырылған сумен жабдықтау және су тазарту жүййелерін салу міндеті орындалатын болады. Осылайша, 2025 жылға қарай ел халқы 100 пайыз таза ауыз сумен қамтамасыз етіледі.

 

 

Сұхбат

PhotoRoom