ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ: ХАЛЫҚТЫ САПАЛЫ ИНФРАҚҰРЫЛЫММЕН ҚАМТУ ЖҰМЫСЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРІП ЖАТЫР

Рейтинг
13.12.2025, 19:31
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ: ХАЛЫҚТЫ САПАЛЫ ИНФРАҚҰРЫЛЫММЕН ҚАМТУ ЖҰМЫСЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРІП ЖАТЫР

          Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында дамудың басым бағыттарын айқындап, соның ішінде тұрғын үй-коммуналдық және су инфрақұрылымын жаңғыртуды тұрақты экономикалық өсудің негізгі факторы ретінде ерекше атап өтті.

         Түркістан облысында халықты газбен, сумен, электрмен және сапалы жолмен қамту жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз мәслихатында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров баяндады.

         – Мемлекет басшысы халқымыздың тамыры – ауылда екенін ерекше атап өтті. Облыс халқының 75 пайызы ауылдық жерлерде қоныстанған. Сондықтан өңірімізде ауылды инфрақұрылыммен қамту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр, – деді облыс әкімі Нұралхан Көшеров.

        Облыста жалпы 2,1 млн тұрғын немесе 98,5%-ы ауыз сумен қамтылған (763 елді мекен). Биыл қосымша 30 елді мекен жаңадан ауыз су құбырына қосылып, 11 елді мекеннің тозған су жүйелері жаңартылады. Нәтижесінде халықты ауыз сумен қамту деңгейі 100%-ға жетеді деп жоспарланып отыр. Ауыз суды кестемен ішетін 192 елді мекеннің мәселесін алдағы 3 жылда толық шешу жоспарланған.

        Табиғи газбен 1 млн 834 мың адам (563 елді мекен) қамтылып, жалпы қамту деңгейі 85,5%-ды құрады. Биыл қосымша 37 елді мекенге газ құбыры тартылуда. Нәтижесінде газбен қамтылған халықтың жалпы саны 1 млн 900 мыңға немесе 88,9%-ға жетпек (600 елді мекен).

        2 жылда 66 елді мекеннің электр жүйелері жаңғыртылып, сапалы электр қуатымен қамтамасыз етілді. Биыл облыста 289 нысанға немесе 1 236 шақырым жолға құрылыс-жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жыл қорытындысымен 951,4 шақырым пайдалануға беріліп, жолдардың нормативті үлесі 94,7%-ға жеткізіледі.

         Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту тұрақты дамудың негізгі тіректерінің бірі екендігін әділ атап өтуі орынды. Инфрақұрылымды қаржыландыру - бұл тек экономикалық өсудің ғана емес, әлеуметтік саланың да іргетасы. Бүгінде мемлекеттік саясат өңірлердің қаржылық дербестігін арттыруға, олардың салық базасын кеңейтуге және ағымдағы әрі инвестициялық шығыстарды сауатты жоспарлауға бағытталған.

 

      Инфрақұрылым дайын болғанда, инвесторға жобаны жүзеге асыру - зауыт немесе басқа өндірістік нысан салу әлдеқайда жеңіл болады. Бұл жекеменшік тұрғын үй құрылысы үшін де аса өзекті: азаматтар жер алады, құрылыс бастайды, бірақ электр, су, газ сияқты негізгі жағдайлардың жоқтығына тап болады. Инфрақұрылымдық бағдарламаларды жүйелі түрде іске асыру бұл процестерді халық пен бизнес үшін де жылдам әрі жеңіл етеді.

        Президент ұсынып отырған «ақылды қалалар» тұжырымдамасы қалалық ортаны жүйелі дамытуға жасалған маңызды қадам. Мұнда инженерлік желілерден бастап әлеуметтік нысандарға дейінгі барлық инфрақұрылым элементтері цифрландырылатын «цифрлық егіздер» жасалуы көзделген.

Бизнес үшін бұл техникалық шарттарды алу процесін жеңілдетеді, инженерлік жүйелерге қосылу мен жобаларды жүзеге асыруды жеделдетеді.

        Халық үшін бұл өзекті ақпаратқа қол жеткізу мүмкіндігі: қандай нысандар салынып жатыр, қайсысы іске қосылады, қай жерде құрылыс жоспарлануда. Мұның бәрі кедергілерді азайтады, жобаларды іске асыру мерзімдерін қысқартады және қалалық ортаның дамуын анағұрлым ашық әрі болжамды етеді. Инвесторлар үшін мұндай тәсіл өңірдің дайындық деңгейін, тәуекелдердің аздығын және қажетті инфрақұрылымның бар екенін білдіреді.

Мемлекет басшысы жеке сектормен серіктестіктің маңыздылығын үнемі айтып келеді және оның белсенді қатысуына қолайлы әрі ашық жағдай қалыптастыруда.

       

 

 

Сұхбат

PhotoRoom