Мақтаарал ауданында 3 мыңға жуық тұрғыны бар ауылға газ берілді, кеңес өткізді.
ҚР Тәуелсіздік күні қарсаңында Мақтаарал ауданы Достық ауылдық округіне қарасты 3 мыңға жуық тұрғыны бар Ж.Қалшораев ауылына табиғи газ берілді. Ауылға көгілдір отынның қосылуына орай ұйымдастырылған шараға аудан әкімі Бақыт Асанов арнайы барып, тұрғындардың қуанышымен бөлісті. Өңір басшысы ауыл халқына жаңа мүмкіндіктің құтты болуын тілеп, бұл жобаның мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған зор қолдаудың нәтижесі екенін атап өтті. Бұрындары сұйытылған газ баллондарын пайдаланып келген халық енді қауіпсіз әрі үздіксіз жылу көзіне қол жеткізді.
Бұл қыс мезгілінде тұрғындарға барынша қолайлы жағдай жасаумен қатар, экологиялық тұрғыдан да тиімді шешім болмақ. Ауыл ақсақалдары мен тұрғындары аудан әкімдігіне және іске атсалысқан мамандарға алғыстарын айтып, табиғи газдың келуі – ауыл өмірін жаңа арнаға бұратын қуанышты оқиға екенін жеткізді.
Аудан басшысының айтуынша, елді мекендерді газға қосу жұмыстары жоспарға сәйкес кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Бұл өз кезегінде өңір тұрғындарының әл-ауқатын арттырып, ауылдардың әлеуметтік инфрақұрылымын жаңа деңгейге көтермек. Жалпы 2026 жылы аудан 100 пайыз табиғи газбен қамтамасыз етілмек.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша елімізде отын-энергетика кешенін жүйелі жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Сенімді, өзін-өзі қамтамасыз ететін және заманауи энергетикалық жүйе еліміздің тұрақты экономикалық өсімі мен әрбір азаматтың әл-ауқатын жақсартудың берік іргетасқа айналады.
Электр энергетикасы: басты міндет – энергетикалық тәуелсіздікті қамтамасыз ету. Электр энергетикасы саласындағы басты міндет – еліміздің энергетикалық тәуелсіздігін қамтамасыз ету және экономиканың өсіп келе жатқан қажеттіліктерін толық қанағаттандыру.
Президенттің тапсырмасы аясында алдағы бес жылда кемінде 14 гигаватт энергия өндіретін жаңа қуат көздерін іске қосу міндеті алға қойылды. Бұл жұмыс бірнеше бағытта жүргізілуде: жұмыс істеп тұрған стансаларды жаңғырту, энергия өндіретін жаңа қондырғылар салу, сондай-ақ гидро және жаңартылатын энергия көздерін дамыту.
2023 және 2024 жылдары 1,3 гигаватт жаңа электр қуаты іске қосылды.
2025 жылы тағы 621,5 мегаватт енгізу процесі жүріп жатыр, ал 2026 жылға 2 648,5 мегаватт жоспарланған.
Осы мақсаттарға қол жеткізу үшін жаңа стратегиялық нысандар салу бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. Түркістан облысында қуаты 1000 МВт-қа дейінгі бу-газ қондырғысы негізінде электр стансасын салу жобасы жүзеге асырылуда. Қызылордада қуаты 240 МВт жаңа ЖЭО салу бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде.
Қазіргі уақытта 5 энергоблок, 30 қазандық және 19 турбинада жұмыс жүргізілуде. Ал 4 энергия блогы, 15 қазандық және 9 турбинада жөндеу жұмыстары аяқталды.
Жүргізіліп жатқан шаралар қазірдің өзінде нақты нәтиже беруде: құрал-жабдықты жаңғырту мен жаңарту нәтижесінде еліміздегі ЖЭО-лардың орташа тозуы 64%-дан 61%-ға дейін төмендеді.
Өткен жылыту маусымының қорытындысы бойынша 9 ЖЭО апат деңгейі жоғары «қызыл» аймақтан «сары» аймаққа, 3 ЖЭО сарыдан жасыл аймаққа көшті. Қазіргі уақытта «қызыл» аймақта 10 ЖЭО, сары аймақта – 17, жасыл аймақта – 10 ЖЭО бар.
Президенттің тапсырмасын жүзеге асыру шеңберінде 2024 жылғы желтоқсанда Үкімет «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасын (бұдан әрі – ұлттық жоба) бекітті, оның аясында ТКШ инфрақұрылымын жөндеу бойынша кең ауқымды науқанды ұзақмерзімді жеңілдікпен қаржыландыру басталды.
Ұлттық жоба электр энергиясын өндіру қуаттарын дамытуды, табиғи монополиялар саласын жақсартуды, отандық өндірушілер мен әлеуметтік осал топтарды қолдауды, сондай-ақ процестерді автоматтандыру үшін цифрлық технологияларды енгізуді қамтиды. Ұлттық жобаға сәйкес 86 мың шақырым инженерлік желілерді жаңғыртуға шамамен 6,8 трлн теңге инвестиция тартылады. Оның ішінде: 1,6 мың шақырым жылу желілері; 77,6 мың шақырым электр желілері; 4,7 мың шақырым су құбыры желілері; 2,6 мың шақырым кәріз желілері.