ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ: АГРОӨНЕРКӘСІП ЖОБАЛАРЫНЫҢ ІСКЕ АСУ БАРЫСЫ БАСТЫ НАЗАРДА

Рейтинг
13.12.2025, 19:33
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ: АГРОӨНЕРКӘСІП ЖОБАЛАРЫНЫҢ ІСКЕ АСУ БАРЫСЫ БАСТЫ НАЗАРДА

Түркістан облысында агроөнеркәсіп жобаларының іске асу барысы басты назарда.

       ҚР Парламенті Сенатының Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің депутаттары Түркістан облысына іс-сапармен келген болатын. Сапар барысында сенаторлар Келес және Шардара аудандарында болды. Іс-шараға комитет төрағасы Әли Бектаев, комитет мүшелері, облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков, облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов және облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Файзулла Байдуллаев қатысты.

        Сенаторлар алдымен Келестегі «Ecoculture-Eurasia» ЖШС-ның жылыжай кешенінің жұмысымен танысты. 51,88 гектар аумақта орналасқан кешеннің жылдық қуаттылығы – 27 мың тонна көкөніс. Биыл оның 21 гектарын іске қосу жоспарланған. Жылыжайда 800 жұмыс орны құрылып, қызметкерлер үшін оқыту және тағылымдамадан өткізу жүйесі жолға қойылған. Негізгі өнім – қызанақ. Алдағы уақытта қызанақтың ірі және ұсақ жемісті сорттарын қатар өсіру көзделуде.

        Сонымен қатар, комитет мүшелері Шардара ауданындағы «Казкрахмал» ЖШС- ның жұмысымен танысты. Жылына 150 мың тонна жүгеріні терең өңдейтін бұл кешен 2026 жылы іске қосылады деп жоспарланған. Онда 550 жұмыс орны ашылып, крахмал өнімдері өндіріледі. Жоба ішкі сұранысты қамтамасыз етуге, тұрақты экспортты арттыруға және өңдеу өнеркәсібін дамытуға бағытталған. Бүгінде зауытта жүгеріні қабылдап, кептіру кешенінің және жүгері дәнін сақтау қоймаларының құрылысы аяқталған.

          Еліміздің ауыл шаруашылығында мал мен құс санының айтарлықтай өсуі байқалады. 2024 жылдың 9 айында ірі қара малдың саны 8 395,6 мың басқа жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 119,8%-ды құрады. Ауыл шаруашылығы құрылымдарында ірі қара мал саны 4 578,2 мың басқа дейін көбейді. Ұсақ мал саны 20,9 млн басқа, жылқылар – 4 194,2 мың басқа, түйелер – 286,6 мың басқа жетті.

        Сондай-ақ мал мен құс өнімділігінің өсуі байқалады. Барлық шаруашылық категорияларындағы бір сауын сиырдан орташа сүт өнімділігі 1 941 кг құрады, оның ішінде ауыл шаруашылығы құрылымдарында – 2 206 кг, үй шаруашылықтарында – 1 807 кг. Бір жұмыртқалайтын тауықтан орташа жұмыртқа шығымы 185 дананы құрады, ауыл шаруашылығы құрылымдарында – 200 дана, үй шаруашылықтарында – 133 дана.

       Жем-шөппен қамтамасыз ету шаралары қабылданып жатыр. Биыл мал азығы дақылдарының егіс алаңы 3,2 млн гектардан асып, 2023 жылмен салыстырғанда 83,5 мың гектарға ұлғайды. 24,5 млн тонна шөп, 1,7 млн тонна пішендеме, 4,6 млн тонна сабан, 5,5 млн тонна концентрат және 2,0 млн тонна сүрлем дайындау жоспарланған. 13 қарашадағы жағдай бойынша 34,9 млн тонна шөп (жартыжылдық жоспардың 142,6%-ы), 2,0 млн тонна пішендеме, 5,6 млн тонна концентрат, 2,3 млн тонна сүрлем және 5,1 млн тонна сабан дайындалды. Жылына 2,2 млн тоннаға жуық өнім өндіретін 66 құрама жем өндіру кәсіпорны жұмыс істейді.

        Өсімдік шаруашылығында жоғары рентабельді дақылдарды қолдану арқылы егіс алқаптарын әртараптандыру сәтті жүргізілді. Биыл 1,2 млн тоннадан астам минералды тыңайтқыштар енгізілді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда екі есе көп. Элиталық тұқымдардың үлесі 7,1%-дан 9,5%-ға дейін, ал ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту деңгейі 4,5%-дан 5,5%-ға дейін өсті.

       Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ауыл шаруашылығын жеңілдетілген қаржыландыру көлемін бірнеше есе ұлғайту мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мәселен, егіс және егін жинау жұмыстарын қаржыландыру көлемін 700 млрд теңгеге дейін жеткізу жоспарланған. Бұл фермерлерге ауылшаруашылық циклінің барлық кезеңдерінде, дайындықтан бастап егін жинауға дейін қолдау көрсетеді. Бөлінген көлемнің алғашқы 100 млрд теңгесі осы жылдың желтоқсан айында фермерлерге қолжетімді болады. Бұл көктемгі егіс жұмыстарына уақтылы дайындықты қамтамасыз етеді және жаңа маусымды кідіріссіз бастауға мүмкіндік береді.

 

Сұхбат

PhotoRoom