ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ: КӘРІЗ ЖҮЙЕСІ ЖҮРГІЗІЛГЕН КӨШЕЛЕР ҚАЛПЫНА КЕЛТІРІЛУДЕ

Рейтинг
13.12.2025, 19:36
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ: КӘРІЗ ЖҮЙЕСІ ЖҮРГІЗІЛГЕН КӨШЕЛЕР ҚАЛПЫНА КЕЛТІРІЛУДЕ

      Түркістанда кәріз жүйесі жүргізілген көшелер уақытша қайта қалпына келтірілуде. Түркістан қаласында орталықтандырылған сарқынды су жүйесіне қосу бағытындағы инфрақұрылымдық жобалар қарқынды жүзеге асырылуда. Инженерлік желілерді қайта жаңғырту және тұрғындардың өмір сапасын арттыру мақсатында биыл Түркістан қаласында жалпы 13 нысанда құрылыс жұмыстары басталып, оның 8-і абоненттік және магистральдық желілерге қосылса, 5 жобада магистральдық желілерді тарту жұмыстары жүзеге асуда.

       Қаладағы Сауран, Шауғар, Яссы секторларында, сондай-ақ Отырар және Бекзат тұрғын алаптары мен Баянауыл мөлтек ауданында кәріз жүйесін орнату жұмыстары жүргізілуде. Олардың қатарында Сарыбаев, Ынтымақ, Ы.Дүйсебаев, М.Төлебаев, Н.Оңдасын, Асанов, Мәдениет, Ойсыл Қара, Б.Ахметов, М.Ғабдуллин, Қарағайлы және Қалғансыр көшелері бар.

        Сондай-ақ, қазіргі таңда қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлының тапсырмасына сәйкес барлық сарқынды су желісі жүргізілген көшелерде ауа райының әсерінен туындауы мүмкін қолайсыздықтардың алдын алу мақсатында уақытша қайта қалпына келтіру үшін тас төсеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыстар алдағы төрт күнде толық аяқталады деп жоспарлануда.

       Сарқынды су желісін жүргізу барысында кей көшелерде қазба жұмыстары жүргізіліп, шектеулер орнатылды. Осыған байланысты қала тұрғындарынан түсіністікпен қарап, сабырлық танытуды сұраймыз. Құрылыс аяқталғаннан кейін барлық жол инфрақұрылымы толық қалпына келтіріліп, асфальт төселеді.

     Түркістан облысына қарасты қалалардағы ағынды суларды тазарту деңгейін 100%-ға жеткізу бойынша жұмыстар атқарылуда. 2025 жылдың 1 қаңтардағы жағдай бойынша облыстағы 528,1 мың халқы бар 7 қаланың 6 қаласы кәріз жүйелерімен қамтылған. Атап айтқанда, Түркістан, Кентау, Арыс, Леңгір, Жетісай, Шардараның 202,6 мың тұрғыны орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылған. Биыл су бұру саласы бойынша 15 нысанның құрылыс жұмыстарына бюджет есебінен тиісті қаржы қаралған. Соның ішінде, осы жылы Түркістан қаласындағы 3 нысаның және Сарыағаш қаласындағы 1 нысанның құрылысы аяқталып, пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Қалған 11 нысан келесі жылға өтпелі. Жыл соңына дейін Түркістан қаласының 24 мыңнан астам тұрғыны кәріз жүйесіне қосылуға мүмкіндік алады. Сонымен қатар Сарыағаш қаласында жаңадан кәріз тазалау имараты іске қосылады. Айта кетейік, Түркістан қаласындағы 228 003 тұрғынның 83 335 тұрғыны, яғни 36,5% кәріз жүйелерімен қамтылған. Кәріз жүйелерінің ұзындығы – 127,5 шақырым. Облыс орталығында 27 дана кәріздік сорғы станциясы және қуаттылығы тәулігіне 20 мың м3 болатын кәріз тазалау имараты (КОС) бар. Қызмет көрсетуші мекеме – «Түркістан су» МКК. Қолданыстағы кәріз тазалау имараты 2010-2014 жылдары салынып, пайдалануға тапсырылған. Бүгінгі таңда БОС-1, БОС-2 тазартқыш имараттарына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

 

 

Сұхбат

PhotoRoom