Анталияда дзюдо күресінен жасөспірімдер арасында халықаралық дода мәресіне жетті

Әлем
10.05.2023, 13:51
Анталияда дзюдо күресінен жасөспірімдер арасында халықаралық дода мәресіне жетті

Түркия елінің Анталия қаласында дзюдо күресінен жасөспірімдер арасында халықаралық жарыс аяқталды. Татами төріндегі күрес бәсекесіне 15 мемлекеттен жас жеткіншектер қатысып, шеберліктерін байқады. Аламан жарысқа қатысып қайтқан Түркістан облысының өрендері олжалы оралды.

 

Төртжылдықтың басты бәсекесі олимпиада ойындары мен әлемдік деңгейдегі жарыстарда көптеп медальдар жиынтығын беретін дзюдо спорты бүгінде елімізде қарыштап даму үстінде. Осы орайда кешегі Түкия елінде өткен халықаралық жарыста еліміздің сайыпқырандары топ жарып, еліміздің мерейін үстем етті.

Ел құрамасы сапында 20 келіде өнер көрсетіп, жеңімпаз атанған Түркістан облысының жас балуаны Мадия Смайыл өз жерлестерін қуантты. Ол өз салмағында 4 кездесу өткізіп, барлығында қарсыластарының жауырынын жерге тигізіп, қазақтың қайсар мінезін көрсетті.

Жалпы бұл дүбірлі додада Түркістан облысынан 4 балуан күш сынасып, 1 алтын, 1 күміс және 1 қола медальға қол жеткізді. Ғаламат жетістікпен туған елге оралған жерлестерімізді Шымкент әуежайынан ата-аналары мен туған-туыстары және спорт жанашырлары қарсы алып, құрмет көрсетті.

Сонымен қатар, халықаралық күрес додасында Ел намысын қорғаған шымкенттік жеткіншектер де осал еместігін көрсетті. Намысты жоғары қойған түлектер арасында 27 келіде бақ сынаған Нұрдаулет Абдужаппар, 30 келіде Дидар Сейлхан, 53 келіде Мирас Миллер, 42 келіде Айсұлтан Нұржан, 60 келіде Нұржан Нұрасыл сынды дзюдошылар бар. Халықаралық доданың басты қаһарманы атанған 27 келідегі жерлесіміз Нұрдәулет Абдужаппар өз салмағында 1 алтын және өз салмағынан жоғары салмақта күміс медальді еншіледі.

Туған елге олжалы оралған жеңімпаздарға алдағы уақытта әлемдік додада көк туымызды көкке желбіретеді деген сенім мол.

Сұхбат

PhotoRoom