ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ: ІШІМДІКТЕН БАС ТАРТҚАН АУЫЛДАР САНЫ АРТУДА

Рейтинг
13.12.2025, 20:03
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ: ІШІМДІКТЕН БАС ТАРТҚАН АУЫЛДАР САНЫ АРТУДА

       Түркістан облысында ішімдіксіз ауылдар саны 70-ке жуықтаған.

       Түркістан облысында "Ішімдіксіз ауыл" бастамасы аясында алкоголь өнімдері мүлдем сатылмайтын ауылдар саны жыл сайын артып келеді. Былтырдың өзінде ішімдіксіз ауылдар саны 30-ға жеткен. Оның ішінде, Ордабасы мен Мақтарал аудандарынан 5 ауыл, Келес ауданында – 4, Сайрам ауданында– 3, Қазығұрт, Төлеби және Сауран аудандарында – 2, Отырар, Жетісай және Арыс аудандарында түгелдей бір ауыл тұрғындары спирттік ішімдіктерді сатудан бас тартқан.

      Ал, биыл ішімдіксіз ауылдар саны 66-ға жектен. Солардың бірі - Түлкібас ауданындағы Еңбек ауылы. Жалпы 131 үйі, 1 мыңнан аса тұрғыны бар елді мекенде соңғы 3 жылда алкоголь өнімдері мүлдем сатылмайды, ал соңғы 2 жылда бірде-бір қылмыс тіркелмеген.

        Отбасылық береке мен тыныштықты нығайту — ауыл тұрғындарының басты ұстанымына айналған. Түркістан облысында мектептерде, мешіттер мен мәдениет үйлерінде «Салауатты өмір – жарқын болашақ кепілі» атты кездесулер өткізіліп, жастарға алкогольдің зияны жан-жақты түсіндірілуде. Бүгінде ауыл тұрғындары той-мерекелерді де ішімдіксіз өткізуді дәстүрге айналдырып, қоғамға үлгі боларлық орта қалыптастырған.

     Ауыл тұрғындарының айтуынша, ішімдіктен бас тарту тек жеке бастың ғана емес, тұтас қоғамның денсаулығы мен мәдениетіне әсер етеді. Қазірдің өзінде мұндай ауылдарда қылмыс деңгейі нөлге тең. Сонымен қатар қоғамдық тәртіп те едәуір жақсарып, жастардың спортқа, білімге деген ынтасы арта түскен. Алкогольді тұтыну 200-ден астам аурулардың, жарақаттардың, сондай-ақ денсаулықтың басқа да бұзылыстарының себебі болып табылады. Алкогольді ішу психикалық және мінез-құлық бұзылыстары, соның ішінде алкогольге тәуелділік және бауыр циррозы, кейбір қатерлі ісіктер және жүрек-қан тамырлары аурулары сияқты ауыр инфекциялық емес аурулар сияқты денсаулық проблемаларының даму қаупімен байланысты.

       Зерттеушілер кез келген адам алкоголизмге ұшыраймын деп ойламайтынын айтады. Бұл дертті де тұқым қуалаушылық факторы айналып өтпейді екен. Адам ішкіш болып тумайды, ол келе қалыптасатын зиянды әдет. Сол сияқты әрбір осы жолға түсушінің өзіндік себебі бар: кейбірі жеке өміріндегі проблемалардың кесірінен тап болса, біреулері жақын адамын жоғалтқан соң алкогольмен «достасып» кетеді. Бір адамдар қызықты компаниямен қосылып, қолына стақан алса, біреуі жалғыздықтан шаршап шараппен «сырласады». Осы секілді бір-біріне ұқсамайтын қаншама себеп болса да,  барлығының жетер жері біреу ғана – өмірінің соңына дейін жарамсыз болып қалған денсаулық, жақын туыстарымен келіспеушілік, кері кеткен мансап пен жеке өмірінің деградациясы.

        Қазіргі қоғамда салауатты өмір салтын ұстану ұлт болашағын ойлаған әрбір азамат үшін маңызды мәселеге айналып отыр. Әсіресе ауылдық жерлерде ішімдікке салыну, оның салдарынан отбасылық кикілжіңдер, жұмыссыздық пен қылмыс деңгейінің артуы сынды әлеуметтік проблемалар жиі кездесетіні жасырын емес. Осындай түйткілді жою жолында ел ішінде түрлі игі бастамалар қолға алынып келеді. Соның бірі – ішімдіктен өз еркімен бас тартқан ауылдар қозғалысы.

      Мамандардың айтуынша, бұл бастама тек моральдық емес, экономикалық және демографиялық тұрғыда да пайда әкеледі. Әлеуметтанушы Жанат Әлиевтің пікірінше ішімдіктен бас тартқан ауылдарда жастар арасындағы қылмыс, ерте жүктілік, жұмыссыздық сияқты әлеуметтік мәселелер азая бастайды. Бұған қоса, тұрғындардың отбасылық бірлігі, еңбек өнімділігі де арта түседі. Бұл – қоғамның өзін-өзі жаңғыртуының бір көрінісі. Мұндай үлгілі бастамаларды кеңінен тарату үшін ақпараттық қолдау қажет. БАҚ арқылы сәтті мысалдар насихатталса, өзге ауылдар да бұл қадамға батылырақ бара алады. Мемлекеттік ынталандыру тетіктері болуы тиіс. Ішімдіктен бас тартқан ауылдарға қосымша инфрақұрылым, спорт нысандары, мәдениет үйлері салынса, бұл жастар үшін тартымды болар еді. Үлгілі ауылдарды марапаттау немесе грант бөлу арқылы мотивацияны арттыруға болады.

 

 

 

Сұхбат

PhotoRoom