Борт Газиантеп қаласына баруы мүмкін
Төтенше жағдай министрлігінің құтқарушылары жер сілкінісі салдарын жоюға көмек көрсету үшін Түркияға аттанды. Олар жолға Алматы қаласынан шықты.
Тиісті тапсырманы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев берді.
Алдын ала мәлімет бойынша борт Газиантеп қаласына барады.
Жасақ құрамында Қазақстан ТЖМ құтқарушылары, кинологиялық есептер және Апаттар медицинасы орталығының медицина қызметкерлері бар.
ТЖМ құтқарушыларының иелігінде құтқарушы құрал-жабдықтары: гидравликалық және пневматикалық жабдықтар, гидравликалық домкраттар, пневмодомкраттар, перфораторлар, жарықтандыру құралдары, палаткалар, спутниктік терминал, каркасты модуль, автотехника бар.
Топ қажетті жабдықтармен де, құтқару жұмыстарын жүргізуде көп жылдық тәжірибесі бар құтқарушылармен де жабдықталған.