37 мыңнан астам адам жарақат алған
Түркияда болған екі жойқын жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 6234-ке жетті, 37 011 адам жарақат алды. Бұл туралы Анадолу агенттігі хабарлады.
Түркияның 10 провинциясында іздеу-құтқару жұмыстары жалғасуда. Хатай провинциясында 24 жастағы мұғалім Месуда Акар қираған ғимараттың астынан 49 сағаттан кейін құтқарылды.
Сондай-ақ Түркия әуе күштерінің ұшағы Малатия провинциясынан жараланған 31 адамды Ыстамбұлға жеткізді.
Түркия президенті Режеп Ердоған елдің оңтүстік-шығысында болған жойқын жер сілкінісіне байланысты 12 ақпанға дейін жеті күндік ұлттық аза тұту жариялады.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке жойқын жер сілкінісі салдарынан зардап шеккен Түркияға шұғыл көмек ретінде 1 миллион доллар бөлуді тапсырды.