ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ: АЛКОГОЛЬГЕ ҚАРСЫ ШАРАЛАР БІРНЕШЕ БАҒЫТТА ЖҮРГІЗІЛУДЕ

Рейтинг
10.12.2025, 10:44
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ: АЛКОГОЛЬГЕ ҚАРСЫ ШАРАЛАР БІРНЕШЕ БАҒЫТТА ЖҮРГІЗІЛУДЕ

Алкогольді ішімдіктерді шамадан тыс қолдану – Қазақстандағы өзекті әлеуметтік және медициналық мәселелердің бірі. Маскүнемдік қоғамдағы денсаулық деңгейіне ғана емес, қылмысқа, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа, жол-көлік оқиғаларына, жасөспірімдердің теріс әдетке үйренуіне тікелей әсер етеді. Халық саны қарқынды өсіп жатқан Түркістан облысында бұл проблемаға қарсы күрес ерекше маңызға ие. Сондықтан өңірде ішімдік ішуге қарсы бағытталған кешенді іс-шаралар жүйелі түрде жүргізілуде.

        Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша, алкогольді  жиі қолдану жүрек-қан тамыр аурулары, бауыр циррозы, психикалық бұзылыстар, жазатайым оқиғалар мен ерте қайтыс болудың негізгі себептерінің бірі. Қазақстанда алкоголь тұтыну деңгейі кейбір өңірлерде жоғары, бұл әсіресе жастар арасында қауіпті тенденция тудырады.

      Түркістан облысының ерекшелігі – халқының басым бөлігінің жас болуы және ауылдық аймақтардың көптігі. Жастардың бос уақытын тиімді өткізбеуі мен әлеуметтік қысым ішімдікке әуестенуге себеп болуы мүмкін. Сондықтан облыс әкімдігі соңғы жылдары алкоголь профилактикасына басымдық беріп отыр.

         Облыста халықтың әр тобына арналған ағартушылық шаралар тұрақты жүргізіледі. Бұл жұмыстардың мақсаты – алкогольдің денсаулыққа, отбасыға, қоғамға тигізетін зиянын кеңінен түсіндіру. Осы мақсатта облыстық денсаулық сақтау басқармасының тапсырмасымен мектептер мен колледждерде дәрістер, әңгіме-сабақтар, тренингтер өткізу, «Алкогольсіз өмір», «Зиянды әдетсіз болашақ» атты акциялар, денсаулық сақтау мекемелеріндегі ашық есік күндері, дәрігерлердің қатысуымен өткізілетін семинарлар мен кездесулер, әлеуметтік желілер арқылы ақпараттық бейнежарнамалар мен роликтер тарату секілді ауқымды шаралар ұдайы жұргізіліп келеді.

          Бұл іс-шаралардың мақсаты – жастардың ерте жастан алкогольді сынап көру деңгейін азайту болып  табылады. Алкоголь өнімдерін сату мен жарнамалауға қатысты талаптар өңірде қатаң түрде бақылауда. Түркістан облысында   21 жасқа толмаған азаматтарға алкоголь өнімдерін сатуға тыйым салынған. Сондай-ақ, мектептер мен колледждердің жанында алкоголь сататын дүкендердің жұмысына тексерістер жұргізіліп отырады. Түнгі уақытта алкоголь сатуға шектеулер бар. Алкоголь өнімдерінің жарнамасын шектеу шаралары да тұрақты түрде бақылауда. Сонымен қатар, ішімдік сату нүктелеріне рейдтік тексерістер белгіленген кестеге сай уақытылы өткізіліп тұрады.

          Полиция департаменті мен әкімдік бірлесіп ай сайын рейдтер өткізіп, заң бұзушылықтардың алдын алады. Бұл жұмыстар ішімдік қолжетімділігін азайтуда маңызды рөл атқарады. Әсіресе мереке күндері және демалыс кештері бақылау шаралары күшейтіледі. Оның себебі де жоқ емес.

       Түркістан облысында ішімдік ішуге қарсы іс-шаралар көп бағытта жүргізілуде. Ақпараттық-түсіндіру жұмыстары, заңнамалық шектеулер, медициналық көмек, жастар арасындағы профилактикалық акциялар – барлығы өңірде алкоголь тұтыну деңгейін төмендетуге бағытталған.

       Бұл іс-шаралардың тиімді болуы әр азаматтың қатысуына байланысты. Отбасы, мектеп, қоғам және мемлекеттік ұйымдардың бірлескен жұмысы ғана ішімдікке тәуелділікпен тиімді күрес жолын ашады.

       Алкогольден бас тарту – дені сау қоғамның, берік отбасының және қауіпсіз ортаның негізгі кепілі.

        Түркістан облысында 30-дан астам елдімекенде "ішімдіксіз ауыл" жобасы жарияланған. Бірақ, қаланың өзі бұл бастамадан қалыс қалған. Негізгі себебі Түркістан қаласына сырттан келетін туристер есебінен болуы да мүмкін. Түркістан қаласында спирттік ішімдіктерге тыйым салынуы мәселесі де бірнеше рет сөз болды. Түркістан шаһары облыс орталығына айналғалы инвестиция көлемі артты. Келетін туристер саны миллионнан аса бастады. Оның үстіне шетелдік турситер саны 20 мыңнан аса бастады. Ол бойынша қажетті инфрақұрылымдар салынды. Қонақ үйлер, бизнес центрлер. Бизнес қауымдастық бұл мәселеге келген кезде екіұдай күйде.

 

Сұхбат

PhotoRoom