ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ: ТҮРКІСТАН МЕН ҮНДІСТАН АРАСЫНДА ӘРІПТЕСТІК ОРНАТУ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Рейтинг
10.12.2025, 10:49
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ: ТҮРКІСТАН МЕН ҮНДІСТАН АРАСЫНДА ӘРІПТЕСТІК ОРНАТУ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Түркістан мен Үндістан арасында туризм, ауыл шаруашылығы, өндіріс салаларында әріптестік орнату жолдары талқыланды. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Үндістанның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Сайлас Тангалмен кездесті. Кездесуде әріптестікті нығайту, экономикалық және мәдени байланыстарды тереңдету, инвестиция тарту мүмкіндіктері қаралып, келіссөздер жүргізілді.

        Облыс әкімі Түркістанның тарихи мәніне тоқталып, инвестициялық әлеуеті туралы баяндады.

       – Қазақстан мен Үндістан арасындағы ынтымақтастық стратегиялық серіктестік сипатында дамып, экономика, қорғаныс және мәдениет салаларын қамтиды. Екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастар 1992 жылы орнатылған. 2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Үндістан арасындағы тауар айналымы 3,8 млн АҚШ долларын құрады. Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы. Мұнда ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне енгізілген ұлы тарихи ескерткіш – Қожа Ахмет Ясауи кесенесі орналасқан. Үндістанда Тәж-Махал кесенесі бар. Осы ретте біздің халықаралық әуежайдың мүмкіндігін пайдаланып, әуе рейсін ашу жолын қарастыруды ұсынамыз. Өңірде қолайлы инвестициялық климат қалыптасқан. Мұнда 20 индустриалды аймақ және аумағы 4000 гектарды құрайтын «Turan» арнайы экономикалық аймағы жұмыс істейді, оның қатысушыларына салықтық жеңілдіктер мен жобаларын барынша тиімді іске асыруға мүмкіндік беріледі. Сонымен қатар біз «Шағын өнеркәсіптік парктерді» дамытуды жалғастырамыз. Түркістан облысы – еліміздегі ең тартымды туристік бағыттардың бірі. Мұнда тарихи және мәдени ескерткіштер, әсем табиғи ландшафттар және сауықтыру орындары шоғырланған. Біз шетелдік компаниялардың өңірде жұмыс істеуі үшін қолайлы жағдай жасауға дайынбыз, – деді Нұралхан Көшеров.

          Үндістанның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Сайлас Тангал туризм және ауыл шаруашылығы саласындағы мүмкіндіктерге қызығушылық танытты.

          – Түркістан мен Шымкенттің туристік орындарын аралауға болатын арнайы турпакет әзірлеуді ұсынамыз. Өйткені Түркістан өңірінде тарихи және туристік орындар көп екенін білдік. Тарихи шаһар өте ұнады. Екіншіден, біздің елде тоқыма мен мақта кластері жақсы дамыған. Осы бағыттағы жобаларды қарастыруға дайынбыз. Индустриалды аймақтар, инвесторларға жасалатын қолдаулар туралы толық мәлімет алып, әріптестікті нығайтуға күш саламыз, – деді елші.

      Түркістан – бұл тек рухани орталық емес, сонымен қатар заманауи туризмнің маңызды орталығы. Бүгінде Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің жанындағы көне Күлтөбе қалашығын абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстарды жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған. 2025 жылы өңір инфрақұрылымын жақсарту аясында 11,3 млрд теңгеге 6 жоба жүзеге асырылады. Олардың қатарында туристік нысандарға апаратын жолдарды реконструкциялау мен Сауран қалашығына дейін айналма алаң салу жұмыстары бар. Жалпы, тарихи-мәдени мұраны реставрациялау және сақтау – біздің негізгі басымдықтарымыздың бірі.

       Бүгінде Түркістан облысында Қожа Ахмет Ясауи кесенесін қосқанда 1700-ден астам тарихи-мәдени ескерткіш тіркелген. 2024 жылдың қорытындысы бойынша өңірге 430 мыңнан астам турист келген, бұл өткен жылмен салыстырғанда 8%-ға көп. Ал 2025 жылдың сегіз айында Түркістан облысына 859 мың адам сапарлап келген. Олардың 736 мыңы – тарихи орындарды, ал 123 мыңы – табиғи парктер мен қорықтарды тамашалаған.

         Туризмнің дамуы инвестиция көлемінің артуына да себеп болып отыр. 2025 жылдың қаңтар-тамыз айларында салаға 65,7 млрд теңге инвестиция тартылды. Өңірде қазіргі уақытта туристік инфрақұрылымды дамыту және саяхатшыларға жаңа мүмкіндіктер ұсыну мақсатында жалпы құны 49,4 млрд теңгені құрайтын 47 жоба жүзеге асырылып жатыр.

 



 

Сұхбат

PhotoRoom