Соңғы жылдары Қазақстан шетелдік инвестицияларды тарту бағытында айтарлықтай табыстарға қол жеткізіп, елдің халықаралық аренадағы позициясын нығайтуда. Инвестициялық қолайлы ахуалды қалыптастыру және ірі халықаралық жобаларды іске асыру – мемлекеттің негізгі басымдықтарының бірі. Қабылданған шаралар инфрақұрылымды дамытуға, стратегиялық экономикалық салаларды қолдауға және елдің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған.
Сауран ауданында жалпы құны 16 млрд. теңгеге инвестициялық жоба жүзеге асады. Түркістан қаласында өткен халықаралық «TURKISTAN INVESTMENT AND TOURISM FORUM – 2025» форумында жалпы құны 432,2 млрд теңге болатын 7 маңызды меморандум бекітілді. Оның бірі Сауран ауданында іске асатын 16 млрд теңгелік агроөнеркәсіптік жоба.
Жоба аясында шетелдік «Xiang Hopi i Ma Aerial Machinery» компаниясымен екіжақты меморандумға қол қойылды. Сауран ауданында жобаның жүзеге асырылуы - ауыл шаруашылығы саласын технологиялық жаңғыртуға, жаңа өндіріс орындарын ашуға, заманауи агротехникалық шешімдер енгізуге мүмкіндік береді. Компания - топырақ өңдеу, егін жинау және агроөндірістік процестерді автоматтандыруға арналған жоғары технологиялы ауыл шаруашылығы техникасын өндіруге маманданған. Олардың өнімдері тек Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар көрші елдерге де экспортталады.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында елдің экономикалық дамуы үшін инвестициялар тартудың маңыздылығын атап өтті: «Дүние жүзінде инвестицияға талас өршіп тұрған кезде елге қаржы тарту үшін «дәл осы жерде және дәл қазір» қағидасы бойынша шешім қабылдау – ең қажет шара».
ҚР Ұлттық Банкінің деректері бойынша 2024 жылдың тоғыз айында тікелей шетелдік инвестициялардың (ТШИ) жалпы ағыны 12,7 млрд АҚШ долларын құрады. Сонымен қатар БҰҰ Азия мен Тынық мұхиты үшін Экономикалық және әлеуметтік комиссияның (UN ESCAP) мәліметтері бойынша 2024 жылы Қазақстанда 15,7 миллиард АҚШ доллары көлеміндегі жаңа жобаларға инвестиция тартылып, 2023 жылмен салыстырғанда 88%-ға өсті. Бұл Солтүстік және Орталық Азия өңіріндегі барлық инвестициялардың 63%-ын құрайды.
2024 жылы шетелдік инвесторлар жалпы құны 1,3 млрд АҚШ долларын құрайтын 45 жобаны жүзеге асырды, бұл 6 мыңнан астам жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік берді. Маңызды жобалардың ішінде құны 50 млн АҚШ долларын құрайтын «Carlsberg» өндірістік алаңының ашылуын, инвестиция көлемі 450 млн АҚШ долларын құрайтын және 1000-нан астам жұмыс орнын ашатын вольфрам кенін қайта өңдеу бойынша «Жетісу Вольфрамы» зауытының бірінші кезеңінің іске қосылуын атап өтуге болады. Сондай-ақ Шымкентте «WAN SHENG CERAMIC» керамикалық плиткаларын өндіру және Қостанай облысында «SKODA» және «HONGQI» маркалы автокөліктерін ірі тораптық өндіру бойынша зауыттар ашылды. Алматы облысында жергілікті ауыл шаруашылығын қолдау аясында 160 млн АҚШ доллары көлеміндегі «PepsiCo» компаниясының жобасы да ерекше маңызға ие.
Қазақстан Үкіметі реттеуші шаралардың ашықтығын арттыра отырып, жүйелі кедергілерді жою және инвесторлар үшін қолайлы жағдайлар жасау бойынша белсенді жұмыс істеуде. Қазақстанның бәсекелестік артықшылықтары бар басым тауашалардағы өңірлердің қажеттіліктерін ескере отырып, «инвестицияларға тапсырыс беру» негізінде таргеттелген тәсілді қоса алғанда, инвестициялар тарту саласында жаңа тәсілдер енгізілді.
Инвестициялық штабтың жұмысы 50 млрд АҚШ долларынан астам сомаға жобалар бойынша инвесторлардың 115 проблемалық мәселелерін шешуге мүмкіндік берді. Оның көмегімен 2,3 миллиард АҚШ долларын құрайтын алты инвестициялық келісімге қол қойылды, ал 2025 жылдың басынан екі келісімге қол қойылды және жалпы сомасы 7,5 миллиард АҚШ долларын құрайтын жеті келісім бойынша жұмыс жалғасуда. Бұл жетістіктер Қазақстанның қолайлы инвестициялық ахуал құруға және халықаралық аренада сенімді серіктес ретіндегі өз ұстанымын нығайтуға ұмтылысын айғақтайды.