Жылдың басы ауыс-түйістермен басталды және бұл бастауы ғана. Дәл қазір Қазақстан үшін стратегиялық маңызы бар үш елдегі елшілік қызмет бос тұр. Түркия, АҚШ және Ресей елдеріндегі Қазақстанның төтенше және өкілетті елшісі кім болуы мүмкін деген сұрақ күн өткен сайын қыза түсуде.
Алдын-ала болжамдар бойынша Қазақстанның АҚШ-тағы елшісі болып Ержан Қазыханов баруы мүмкін. 2011-2014 жылдары Қазақстанның Сыртқы істер министрі, 2014 жылдан бастап Қазақстанның Ұлыбританиядағы төтенше және өкілетті елшісі болып келе жатқан Ержан Қазыханов негізгі кандидаттардың бірі ретінде қарастырылып жатқан көрінеді. Және бұл тағайындау жуық арада болуы мүмкін.
Марат Тәжиннің ҚР Президенті әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары болып келуімен Қызылорда облысында тура төрт жылдан бері әкім болып келе жатқан Қырымбек Көшербаев Қазақстанның Ресейдегі елшісі болуы да мүмкін. Қырымбек Елеуұлы 2003 - 2006 жылдары ҚР-ның Ресей Федерациясындағы төтенше және өкілетті елшісі болған еді.
Жансейіт Түймебаевтың Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі болып келгеніне 3 айдан асты. Әйтсе де, әлі күнге дейін Түркиядағы елшімізді тағайындап үлгерген жоқпыз. Бұл қызметке "Нұр Отан" партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед жайғасуы мүмкін. Ал, Мұхтар Абрарұлының "Нұр Отандағы" орнын кеше ғана ҚР Президенті әкімішілігі басшысының орынбасары қызметінен босаған Бағлан Майлыбаев басады деген сыбыс бар.
Сондай-ақ, Маңғыстау облысын тура төрт жыл бойы басқарып келе жатқан Алик Айдарбаев жақын күндері Біріккен Араб әмірліктері (БАӘ) елші болып баруы мүмкін дейді. Бұл облысқа әкім боп баратын адам көпшілікке "тосын сый" болады-мыс.
ШҚО әкімі Даниал Ахметов Сенатқа депутат болып немесе Ресейге елші болып баруы мүмкін. Ал, оның орнын кім басады деген болжамымызды кешегі мақалада айтқан болатынбыз.
Бұл ауыс-түйіс кезінде облыста ұзақ уақыт әкім болып келе жатқан басшылар қызмет ауыстыруы мүмкін. Ал, олар кімдер дегенге келсек:
Қырымбек Көшербаев (4 жыл) 2013 жылдың 17 қаңтарынан бастап Қызылорда облысының әкімі;
Алик Айдарбаев (4 жыл) 2013 жылдың 22 қаңтарынан бастап Маңғыстау облысының әкімі;
Кәрім Көкірекбаев (3 жыл) 2013 жылдың 20 желтоқсанын бастап Жамбыл облысының әкімі;
Сергей Кулагин (2,5 жыл) 2014 жылдың 27 мамырынан бастап Ақмола облысының әкімі;
Ерік Сұлтанов (2,5 жыл) 2014 жылдың 27 мамырынан бастап Солтүстік Қазақстан облысының әкімі;
Нұрмұхамед Әбдібеков (2,5 жыл) 2014 жылдың 20 маусымынан бастап Қарағанды облысының әкімі;
Амандық Баталов (2,5 жыл) 2014 жылдың 20 тамызынан бастап Алматы облысының әкімі;
Даниал Ахметов (2 жыл 2 ай) 2014 жылдың 11 қарашасынан бастап Шығыс Қазақстан облысының әкімі;
Архимед Мұхамбетов (1,5 жыл) 2015 жылдың 11 қыркүйегінен бастап Қостанай облысының әкімі;
Бердібек Сапарбаев (1,5 жыл) 2015 жылдың 11 қыркүйегінен бастап Ақтөбе облысының әкімі;
Нұрлан Ноғаев (10 ай) 2016 жылдың 26 наурызынан бастап Атырау облысының әкімі;
Алтай Көлгінов (10 ай) 2016 жылдың 26 наурызынан бастап Батыс Қазақстан облысының әкімі;
Болат Бақауов (10 ай) 2016 жылдың 26 наурызынан бастап Павлодар облысының әкімі;
Жансейіт Түймебаев (3 ай) 2016 жылдың 7 қазанынан бастап Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі;
"Сайгез-ақпарат"