Спикер Дүйсенованы мақтады

Рейтинг
04.02.2015, 12:18

Парламент Мәжілісінің төрағасы Қабиболла Жақыпов төменгі палатаның отырысында Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенованың жұмысына жоғары баға берді, деп хабарлайды Bnews.kz.

Тамара Дүйсенова бүгін депутаттар алдында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әлеуметтік-еңбек саласында көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру және автоматтандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын ала келген еді.

Тамара

 

Заң жобасын талқылау барысында Мәжіліс депутаты Мұхтар Тінекеев шахтада және сондай ауыр жұмыстарды істейтін азаматтарға берілетін мемлекеттік әлеуметтік төлемдер туралы көңілі толмайтын баптарды айтып, сұрақ қойған еді. Министр бұл сұраққа барынша түсінікті жауап беруге тырысты. Дегенмен, депутат әлі де талқыланатын жайлар көп екенін айтып, мінбердегі министрді босатқысы келмеді.

«Тамара Дүйсенова үнемі байланысқа шыға алатын министр. Жалпы, мен бұл министрліктің жұмысын жоғары бағалайтын едім. Жұмыстарына көп рахмет айтқым келеді. Ол талай ер министр жасай алмайтын жұмысты атқарып отыр, бұл шын сөзім. Сондықтан, Мұхтар мырза, Дүйсенова ханыммен ақылдасыңыздар, тағы да талқылау күнін белгілеңіздер. Бұл министрлік денсаулық сақтау, еңбек, әлеуметтік қамту сияқты маңызды бағыттарда көп жұмыс атқарып отыр», - деді Мәжіліс төрағасы.

Депутаттардың басым бөлігі Т.Дүйсеноваға айтылған бұл «комплиментке» тіпті қол шапалақтап, қошемет көрсетті.

 

Сұхбат

PhotoRoom