Әміржан Қосанов, саясаткер: Путиннің арбасы мен өгізінің астында қалып қоймалық!

Рейтинг
12.02.2015, 16:47

Минскіде Украинадағы жағдайға қатысты кешті таңға асырған «норманд форматындағы» отырыс аяқталды. Қиын да қатпарлы келіссөздердің алғашқы нәтижелері жариялана бастады.
Сөз жоқ, «жақсы соғыстан гөрі жаман бейбітшілік артық». Бірақ, меніңше, гуманизм принциптеріне негізделген бұл принциптің кей кезде «ойнамай» қалатын кездері де болады!
Неге десеңіз, Порошенко болсын (ертең тағы бір Майдан болып, билікке келетін басқа бір басшы болсын), тәуелсіз мемлекет президенті ретінде ешқашан да Қырым, Донецк, Луганскіден айрылмайды. Ол - унитарлық мемлекет үшін бұлжытпас аксиома! Олай етпесе, ол сол күні тақтан түседі! Және де сондай ел ретінде Қазақстан соны жете түсінуі керек! Бетін аулақ қылсын, бірақ бізде де ДХР мен ЛХР факторы жоқ деп ешкім кесіп-пішіп айта алмайды!
Путин болса, Қырымнан бас тартса, ішкіресейлік рейтингі күрт төмендейтінін біледі (әсіре еуразияшыл ағайынның құлағына алтын сырға). Донецк пен Луганск болса, оған "и хочется и колется". «Орыс әлемін» қайта қалпына келтірушісі боп ресей тарихында қалғысы келетін патша ретінде оның алдын да өте-мөте қиын таңдай тұр.
Ары тартса, арба сынады, яғни басқыншылық саясатынан бас тартса, ел ішіндегі қолдауы азайып, келесі сайлауда өтпей қалуы да мүмкін. Жалпы осы фактордың өзі біздің Ресейдегі неоимперализм идеясын қолдаушыларының ықпалы қаншалықты мықты екенін жақсылап бір ойланып, өз түйінімізді түюге мәжбүрлейтін бір жайт!
Бір тартса, өгіз өледі, яғни Батыс банктерімен тонның ішкі бауындай араласқан өз елінің қаржы мен банк жүйесі санкциялардың құрбаны болуы әдбен ықтимал.
Сондықтан бұл жанжал ұзаққа созылады.
Яғни, халықаралық заңнаманы өрескел бұзып жатқан Ресейге өз талаптарын орындата алмаған Батыстың санкциялары күшейе әрі ұлғая түседі. Оның өзі ақарында Кремльдің арбасын да сындырады, өгізін де өлтіреді.
Ал ол санкциялардың салқыны бізге де өз әсерін тигізеді. Ол туралы президенттің өзі де кешегі үкімет отырысында ашық айтты.
«Көршің соқыр болса» деп біз де бір көзімізді қыса бастаған сыңайлымыз.
Бара-бара, мектептегі балдырғандардың тоқашы емес, басқа нәрсе арман боп кетуі мүмкін!
Оған біздің билік дайын ба???

Сұхбат

PhotoRoom