«Ұйқыда жатқан» радикалды белгілі бір кішігірім топтар кенеттен белсенділік танытуы мүмкін

Рейтинг
30.06.2015, 10:56

https://www.youtube.com/watch?v=gxY1fApvohA&feature=youtu.be

ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының директоры Ерлан Қарин бүгін «Apta.kz»-ке сұхбат берді. -Ерлан мырза, сіз халықаралық терроризмді  арнайы зерттеп жүрген санаулы азаматтардың бірісіз. Мына қорғанысы да, экономикасы да оңалмай қойған Тәжік мемлекеті жақында Орталық Азия мемлекеттеріне қауіп төнетінін айтты. Қауіп кімнен? Қаншалықты?

-Егер де, сол Ауғанстаннан Таяу Шығыс бағытынан қандай да бір қауіп-қатер төнсе,  ең алдымен бірінші соққы сол Тәжікстан мен басқа көршілес елдердің үлесіне тиетіні түсінікті. Бұл жерде олардың ең бірінші айтатыны, соңғы уақытта Ауғанстандағы жағдайдың күрт нашарлап кетуі. Осыған дейін де шетелдік сарапшылар, аймақтағы сарапшылар да жиі айтып жүр, «америкалық және де  одақтастарының әскерлері  Ауғанстан территориясынан біртіндеп кете беру салдарынан Ауғанстанда әскери-саяси жағдай тұрақсызданып, бұл өз кезегінде түрлі экстремисті, радикалды топтардың белсенділігіне әкеліп соқтыруы мүмкін»,  деп. Ондай сценарийлерді жоққа шығаруға болмайды. Бұл алаңдаушылық сонымен қатар, «Daish»  тобымен де  байланысты. «Daish» тобын орысша «ИГИЛ» дейді, ағылшынша  «ISIS» деп атайды.  Бұл топ  Сирия мен Иракта өзінің ықпалын кеңейтіп қана қоймай, сонымен қатар, Ауғанстанда да өзіне бір жақтас күштерді тапқанға ұқсайды. Қаншалықты рас екені толық анықталмады. Бірақ, 28-ге жуық түрлі Ауғанстан мен Пәкістан территориясында түрлі қарулы топтардың басшылары осы «Daish» тобының басшысына  ант берген,  деген сияқты ақпараттар болған. «Талибан» немесе «Daish» тобының Орталық Азия елдерінің шекараларына асып, әскери операция жүргізу, баса-көктеп ену қаупін жоғары, деп айта алмаймыз. Ықтималдылығы бар, бірақ, жоғары емес. Оның қасында ең қауіптісі - осы «Daish» не басқа топтардың  ақпараттық жұмысының нәтижесінде осы Орталық Азия территориясының мемлекеттеріндегі ішкі, яғни «ұйқыда жатқан» радикалды белгілі бір кішігірім топтар, кенеттен бір өздерінің белсенділігін танытуы мүмкін. Мұндай қауіп бар.

-Халықаралық қауымдастық «қауіпті ұйым» деп таныған Сириядағы «Ислам мемлекеті» содырларының әрекеті әлі күнге тыйылмай тұр. Оның үстіне тілеулестері шыға бастады. Ауғанстандағы тәліптер қозғалысы күшейген сыңайлы. Біздің елге қауіп бар ма? Жалпы, бізге қатынасы қаншалықты?

- Дінге ешқандай да қатысы жоқ, бұл топтың. Керісінше,  топтың таратқан жаңа бір видеосын көріп, сараптамадан өткізген болатынбыз. Соңғы видеосында «Daish» тобының өкілдері Сирияда соғысып жүрген тағы басқа террористік топтар бар  «Джипхат әлнуса», «Джәйшіл ислам»  сол топтың мүшелерін қолға түсіріп, азаптап, оларды өртеп жібергендерін көрсетеді. Мұны  дін үшін күрес деп кім айтады? Жиһад деп кім айтады? Бұл ешқандай да жиһадқа да, «қасиетті соғыс» деген ұғымға кірмейді. Бұл содырлар, қылмыскерлердің тобы. Бұл қауіп глобалды, бәріне де бірдей.  Оны бір мемлекеттің «мен бұл қауіптен сақтана аламын», дегені дұрыс болмайды. Бізге де ол қауіп бар. Бірақ,  негізгі қауіп-қатер ақпараттық үгіт насихатында. Әсіресе, интернет арқылы. Міне, осы ақпараттық үгіт-насихаттың тетіктері біздің жастарға да тиіп, олардың тараптарынан жаңа топтарды шығару бұл – әрине, қауіпті.  Егер де бір  азамат  қолына қару алып жатса, ол бізді алаңдатуы қажет.

-Осы тұрғыда да ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ете алмай отырған сияқтымыз.    

-Мен сізге бір ғана цифрлік деректерді айтайын. Өткен жылы «Daish» тобының  жақтастары құрған «Твиттердегі» аккаунты, қаңтар айында 400-ге жуық болса, жылдың ортасында 800-ге жеткен. Ал, қыркүйек айында 3800-ге дейін барған. Бұл бір ғана топтың, бір ғана әлеуметтік желідегі аккаунттардың саны.

- Қазір өзіңіз білесіз,  жаһанда геосаяси ойындар, тартыстар көбейді. Ресей мен Украина, Ресей мен АҚШ, Ресей мен Еуропа арасындағы кекілжің  мына «қырғи-қабақ соғысты» қайта еске салғандай. Бұл ретте Ерлан мырза, Сіз қалай ойлайсыз, біз секілді дамушы мемлекет, қандай ұстанымға сүйеніп саясат жасаған жөн?

-Кейбір сарапшылар, бүгінде осы өткен жылдан бері көп жаңсақ пікір айтып жүр. «Қырғи-қабақ соғыстың» элементтерін көріп отырмыз. Көпвекторлық  саясаттың  дәуірі кетті деген сияқты. Жоқ. Орталық Азия аумағында да, Қазақстан тарапанын жүргізіп отырған көпвекторлық саясаттың  маңыздылығы  арта түседі.

- Қазақстан осындай көпвекторлық  саясат жүргізу арқылы, ойыншыға немесе басқа геосаяси ойыншыға жағу емес. Олардың мүдделерінің  ашық қақтығысқа ұрынбауына жол бермеу. -Енді бір аптадан соң  Астана күнін тойлаймыз. Астананы көшіру идеясы идеологиялық, экономикалық тұрғыдан талай мәрте дәлелдеді. Ал, геосаяси сипаты қалай? 

-Мысалға, Женева, Париж, Лондон тағы басқа мемлекеттер, белгілі бір елдің, астаналары  ғана емес, әлемдік саясаттың даму бағыт-бағдарын беретін, ой, ұсыныстар айтылатын қалаларды «әлемдік саяси астаналар», дейтін ұғым бар. Астана - бүгінгі уақытта елорда тарихынан бөлек, аз ғана уақыт әлемдік саяси астаналар қатарына сенімді түрде  енді. Неге? ЕҚЫҰ өткізген үлкен саммиті. Күні кеше ғана Астанада өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының  съезі , Астана экономикалық форумы, яғни, Астана - тек үлкен кездесулердің орны ғана емес,  Астана  сонымен қатар, әлемдік, аймақтық саясатқа қатысты айтылатын жаңа идеялар мен ұсыныстардың алаңына айналды.

-Ерлан мырза,  жиһандық мәселелерге қатысты ой-пікіріңізге рахмет!  

Мейіржан Әлібекұлы

 

Сұхбат

PhotoRoom