Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Қазақстан Республикасының заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңы қабылданды.
Аталған Заң Елбасы Н.Назарбаевтың «Нұр Отан» партиясының XVI съезінде және Қазақстан халқы Ассамблеясының XXII сессиясында берген тапсырмаларын іске асыруға бағытталады. Осыған орай, елдегі қоғамдық-саяси тұрақтылық және этносаралық қатынастар саласында қолданыстағы заңнаманы жетілдіру ұсынылған.
«Қазақстандағы қоғамдық келісім үлгісі әлем елдерінде кеңінен мойындалып жатқаны белгілі. Осы тұрғыда этносаралық келісім мен бірліктің институты болып табылатын Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлі жоғары. Ал талқыланып отырған құжат қазақстандық патриотизмді нығайту бойынша Ұлт жоспарының «Біртектілік пен бірлік» атты төртінші бағытын іске асыруға бағытталады», - деді ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы.
Оның айтуынша, құжат арқылы Қазақстан халқы Ассамблеясының институционалдық рөлін күшейтетін, қазақстандықтардың қоғамдық келісімі мен ұлттық бірлігін нығайту үшін жағдайлар жасайтын, «Мәңгілік Ел» біріккен жалпыұлттық патриоттық идеялар негізінде бүкіл қазақстандық азаматтық бірдейлікті және бәсекеге қабілетті ұлтты қалыптастыруға ықпал ететін өзгерістер енгізілген.
«Сонымен қатар, енгізілетін өзгерістер ең бірінші кезекте «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясына қатысты болып табылады. Бұл ретте біртұтас мемлекеттік саясатты қалыптастыруға арналған нормативтік-құқықтық негіз құру көзделеді», - деді министр. Оның сөзіне қарағанда, аталған заң ҚХА институционалдық рөлін күшейтіп, «Мәңгілік Ел» идеясына ортақ барлық құндылықтар негізінде қоғамдық келісім, қазақстандық біртектілік пен бірдейлікті нығайтуға жағдай жасайды.