Парламентте әлеуметтік желілерді реттеу ұсынылды

Рейтинг
21.10.2015, 16:06

Бүгін Парламент Мәжілісінің депутаты Алмас Тұртаев Премьер-министр Кәрім Мәсімовтың атына депутаттық сауал жолдады. Ол өз сөзінде «елімізде интернет пайдалаушылардың саны жыл санап артып келеді. Осыдан 10 жыл бұрын интернет пайдаланушылар саны халқымыздың жалпы санының 4 % құраса, 2014 жылғы статистика комитетінің мәліметі бойынша 6 жас пен 74 жас аралығындағы интернет пайдаланушылар саны халқымыздың жалпы санының 63,9% құраған» деді.

10339359_421501201323820_7809559912831662369_o

Әлеуметтік желі арқылы адамдар өзінің ішкі сұранысына қажетті барлық ақпараттарды алып, ақпарат таратып, басқа адамдармен танысып, жарнамалар беріп, өз қуанышымен бөлісе алатынын айтқан депутат жағымсыз тұстарына да тоқталды. «Қазіргі кезде әлеуметтік желі пайдаланушылар арасында елдің үрейін ұшыратын ақпараттар таратып, әр түрлі заң бұзушылыққа жол беретін, тым анайы топтар да құрылып, оны пайдалаушылар да артуда. Бұл өз кезегінде әлі ой-қабілеті толығымен қалыптаспаған жастардың дұрыс тәрбие алуына кері әсерін туғызатыны белгілі. Осы әлеуметтік желі ақпараттар салдарынан өз-өзіне қол жұмсап  немесе басқада заңға қайшы әрекет жасағандар туралы ақпараттар бұқаралы ақпарат құралдарында жиі-жиі айтылып жүр. Кейбір жастарымыздың желі арқылы өздерінің тым жеке өмірін, жасаған "ерліктерін" (түрлі ашық суреттер) әлеуметпен талқылауына бойлары үйреніп барады. Басқа адамның абыройы мен қадiр-қасиетiне нұқсан келтiру немсе басқа адамның абыройы мен қадiр-қасиетiн әдепсiз түрде кемсiту көріністерін жиі байқауға болады. Кейбір деректерге сүйенсек осыдан 5 жыл бұрын 14 жасқа дейінгі жасөспірімдерге азғындық іс-әрекеттермен байланысты қылмыс, нәсіпқорлық қылмыстардың саны 110 болса, қазіргі кезде осы аталған қылмыстар саны бірнеше есе артып, 2015 жылдың 10 айында 700-ге жуық қылмыс тіркелген. Бұл көрсеткіш жыныстық қатынас немесе сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттерді  әлеуметтік желіде ашықтан-ашық насихаттау, азғындау, сол арқылы рухани әлсіреу есебінен де болып отыр» деді.

Редакциядан: Әлеуметтік желілерді реттейтін заң жобасын әзірлеу туралы ұсынысты көпшілік қолдамайтыны белгілі. Себебі, блогер атанып, мемлекеттік мекемелер мен ірі компанияларды қорқытып-үркітіп ақша жасап отырғандар көп. Олар бірінші болып бас көтерері сөзсіз. Алайда, депутат келтіріп отырған аргументтерге толықтай қосылуға болады. Біз интернеттен келетін қауіптің алдын алмай, оның салдарымен ғана күресіп келеміз. Мысалы балалар зорлығы туралы, ұрлық, адамдарды ұрып-соғу сияқты әрекеттерді күн сайын көріп, оқитынымыз соншалық, тіпті көзіміз үйреніп барады. ВКонтакте деген ресейлік әлеуметтік желіде жастарды өзіне тартатын түрлі діни және басқа да деструктивті күштер қатты жұмыс істеп жатыр.

Ал мәселенің екінші жағынан алып қарасақ, Қарағандыдағы су тасқыны кезінде, басқа да стихиялық апаттар кезінде азаматтар әлеуметтік желілер арқылы тез бірігіп кетті. Мысалы «Әліби ісі» интернет, оның ішінде әлеуметтік желілер болмағанда ашылмай қалар ма еді? Мәселенің екі жағы бар. Ұзақ талқылауды қажет етеді деп ойлаймыз. 

Сұхбат

PhotoRoom